Гендерлік теңдік — тұрақтылық тірегі
Талма ТАСБОЛАТОВА,
Хромтау қаласындағы «Нұр Сапар» ЖШС-ның директоры.
Гендерлік теңдік мәселесі елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап еліміз ұстанған саясаттың өзекті бағыттарының бірі болды. Бұл орайда қоғам өмірінің барлық саласында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында елімізде арнайы тұжырымдама да бекітілген болатын.
Қазіргі таңда ел дамуы жолында сүбелі үлес қосып жүрген қыз-келіншектеріміздің еңбегі әрбір салада нәтижелі істерімен дәлелденіп жүр. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында қоғамдағы әйелдердің ұстанымдарын барынша қолдауды қамтамасыз ету керектігін айтты. Әрине, Президентіміздің бұл сөзі өзім сияқты кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жатқан нәзік жандардың жұмысының ілгері басып, қарышты дамуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Биыл жаздың басында менің Жарлығыма сәйкес, Үкімет Адам құқықтарын қорғау жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Бұл маңызды құжат Қазақстанда адам құқықтарын қорғау жүйесін ары қарай жетілдірудің ұзақ мерзімді институционалды негізін белгілейді. Кешенді жоспарды қабылдағаннан кейін гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс басталды», — деп, одан әрі қоғамда әйелдердің экономикалық әрі саяси ұстанымдарын барынша қолдауды қамтамасыз ету керектігін айтты.
Бүгінде өзім басшылық ететін Хромтау қаласындағы «Нұр Сапар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтың тазалағына жауап береді. Бұл салада жемісті еңбек етіп жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Бірнеше мәрте мемлекеттің қолдауына ие болдық, шарапатын сезіндік. Соның арқасында кәсібімізді кеңейтіп, табыс көлемінің де ұлғаюына мүмкіндік туды. Алдағы уақытта да мемлекеттің қолдауымен, оның ішінде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету шарасының нәтижесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізетінімізге сенім мол.